Шымкентте 3,1 млрд теңге айналымы бар екі заңсыз онлайн-казиноның жұмысы тоқтатылды

Oinet.kz 12-10-2026

Қаржылық мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті «Bingo-37» және «Lotoboom» онлайн-платформалары арқылы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша тергеуді аяқтады. 

image.png

ҚМА баспасөз қызметінің хабарлауынша, күдіктілер интернет арқылы құмар ойындарға қатысушыларды тартып, ақша қабылдау мен ұтыстарды төлеу үшін арнайы банк шоттарын пайдаланған.

Тергеу материалдарына сәйкес, ықтимал ойыншыларға WhatsApp мессенджері арқылы құмар ойындарға қатысу туралы ұсыныстар жіберілген. Ұсынысқа қызығушылық танытқан адамдарға онлайн-платформаларда аккаунт ашылып, кіру үшін логин мен пароль берілген. Сонымен қатар оларға ақша аударуға арналған шоттардың деректемелері жолданған. Осылайша, ойыншылар қаражатты көрсетілген шоттарға аударып, интернет арқылы құмар ойындарға қатысқан.

Заңсыз ойын бизнесінен түскен қаражатты қабылдау және ұтыстарды төлеу үшін 14 дроппердің атына ашылған банк шоттары пайдаланылған. Дропперлер – өз атына банк шоттарын ашып немесе төлем құралдарын ұсыну арқылы басқа адамдардың қаржылық операцияларына қатысатын тұлғалар. Мұндай шоттар арқылы ақша қозғалысын жүргізу қаражаттың нақты иелері мен оның қайдан түскенін анықтауды қиындатуы мүмкін.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, екі онлайн-казиноның жалпы ақша айналымы 3,1 млрд теңгені құраған. Тергеу барысында заңсыз ойын бизнесінен түскен кіріске ұйымдастырушылардың 200 млн теңгеден астам сомаға мүлік сатып алғаны анықталған. Оның ішінде BYD Destroyer, LiXiang L6 Max, Chevrolet Monza және SsangYong Rexton маркалы автокөліктер, сондай-ақ екі жер учаскесі бар.

Қылмыстық істі қарау қорытындысы бойынша сот екі адамды 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Заңсыз жолмен алынған қаражатқа сатып алынған аталған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.

Айта кетейік, Қазақстанда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға және оған делдалдық етуге қатысты жауапкершілік заңмен белгіленген. Құмар ойындарға қатысу кезінде азаматтар қаржылық шығынға ұшырауы мүмкін, ал банк шоттарын үшінші тұлғаларға беру олардың өздерін де құқықтық тәуекелге ұрындырады.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

«ШЫМКЕНТ ВЕЛОМАРАФОНЫ» ӨТТІ
Шымкентте «Заңды күлкі» республикалық Жайдарман ойыны өтті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу